Түрік халқы «Еңбек және ынтымақ» күнін атап өтті
Айтулы мереке 1923 жылдан бері ел ішінде кеңінен тойланады. Биыл Түркияның кәсіподақ өкілдері мен қарапайым жұмысшылары Ыстамбұлдың Бақыркөй ауданына жиылып, бейбіт шеру өткізді. Олар жылдағыдай үкімет пен кәсіпорын басшыларынан еңбек шарттарының жақсаруы мен жалақыларын өсіруді талап етті. Мамырдың 1-і Түркияда еңбекші қауымның бірлігі мен ынтымағы күні ретінде бұқаралық сипатта тойлау дәстүрге айналған. Мерекенің арқасында елдің әр аймағында түрлі салада маңдай терін төгіп жүрген қарапайым жұмысшылар бас қосады. Салтанатты жиында кеншілер, металлургтер, құрылысшылар мен тігіншілерді, бір сөзбен айтқанда түрік экономикасын өрге сүйреп жүрген түрлі мамандық иелерін кездестіруге болады.
Осман Ақйол, мұғалім:
- 1 мамыр - халықтық мереке. Бүгінгі жиынымызға қарапайым жұмысшыдан бастап, партия жетекшілеріне дейін қатысып отыр. Ал өзім болсам мектеп мұғалімімін. Біз фашизмге, әсіресе ұлтшылдыққа қарсылық білдіру үшін жиылып отырмыз. Бірлік пен ынтымақ болған жерде ғана береке салтанат құрады. Сол себепті ешкімді де түріне, түсіне және наным-сеніміне қарай алалауға болмайды.
Мелис Ватан, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
- Барлық еңбекшілерді осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, ауыр да жауапты жұмыстарына береке тілеймін. Егер еліміз қуатты, бақуатты мемлекетке айналуды көздесе ең алғашқы кезекте еңбекші топтың әл-ауқаты мен мәртебесін көтеруі тиіс деп есептеймін.
Түркияда 1 мамыр мейрамы Ыстамбұлдың танымал «Таксим» алаңында тойланатын. Бірақ соңғы 2 жылдан бері мерекелік іс-шара Бақыркөй ауданында өткізілуде. Жергілікті билік жиынға қатысушылардың қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдағандығын айтады. Сондықтан бүгін тәртіп сақшылары да қоғамдық тәртіпті жіті қадағалауда. Жан-жағы қоршалған алаңға полицияның тексеруінен өтіп барып қана ішке кіруге болады. Мереке күні қауіпсіздік шарасының күрт күшейгені бекер емес. Өйткені күні кеше Түркияның құзырлы органдары 1 мамыр күні террорлық акт ұйымдастырмақ болған деген күдікпен ТГИЛ-дің 6 мүшесін құрықтады. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары басталып кетті.
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/175354-t-rik-khal-y-e-bek-zh-ne-yntyma-k-nin-atap-tti
www.24.kz
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Түрік халқы «Еңбек және ынтымақ» күнін атап өтті
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-02/582.html