БАБАҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

«БАБАҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ»

Қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында бар өмірін сарп еткен қазақтың батыр ұлдарының бірі Дәуіт Асауұлының туғанына биыл 230 жыл. Осыған орай, баһадүрдің ұрпақтары бабамызды еске алып, Алматы облысының Қарасай ауданында ас берген болатын. 

Түрлі себептермен бара алмай қалған бір топ маңғыстаулық ағайындарға, асты ұйымдастыру комитеті естелік медальдары, құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарын беріп жіберген. Ал аманатты орындаған Ақтаулық Сали Абдуллаев пен Қоңыратбай Испанов бастаған ел ағалары, есімдері ұмыт қалмаған батырдың ұрпақтарына шаһардағы мейрамхананың бірінде тиісті марапаттарын табыстады. 

Айта кету керек, асқа еліміздің Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, көршілес Өзбекстан, Түркменстан, Ресейден келген ағайын-туыстар бас қосты. Асқа қатысқан адам санының есебі жоқ.  

Сонымен қатар, Қаскелең қалалық үйінде ғылыми-әдістемелік конференция өткізілді. Алыс жақыннан келген ағайындарға өздерінің жылы лебіздерін білдіргендер қатарында  белгілі жазушы, кинодраматург, профессор, ҚР Жазушылар Одағының хатшысы, ҚР еңбек сіңірген қайреткері Смағұл Елубай, бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов, әуесқой бокстан әлем чемионы Ердос Жаңабергенов, қазақ күресінен «Әлем барысы – 2017» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров, «Тамаша» әзіл-сықақ театрының актері Марат Көккөзов, танымал жазушы-журналистар, профессор-академиктер, қоғам қайраткерлері, өнер саласының тарландары сөз сөйледі. 

Конференция аяқталысымен батырдың өмірі мен ерлігі жайлы жарыққа шыққан «Қазақ батыры Дәуіт Асауұлы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. 

Жас ақындардың айтысы мен жыршы-термешілер байқауы өткізіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлықпан Жолдасов бастаған «Самал» тобы сахна төріне көтеріліп, ән шырқады. Орталық алаңда қазақ күресі, кір көтеру, қол күресінен мықтылар анықталды. Сонымен қатар, аламан бәйге ұйымдастырылып, жеңімпазға «Шевроле Нива» автокөлігінің кілті табысталып, түйе палуанға «түйе» берілді.   

Алыстан келген ағайын «Лабақ ата» мешітінде болып, батырдың рухына құран бағыштады. Ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Құран хатым жасалды. Айта кету керек, ас - халықтың өз қаражатына өткізілді.  

Батырлығы мен батылдығы, ерлік пен қайсарлығының арқасында көзге түскен, туған жердің азаттығы үшін қас қақпай жауға қарсы қаруын сілтеген қаһарман, қазақтың батыр ұлдарының бірі  Дәуіт Асауұлының 230 жылдығы жоғары деңгейде өткізілгенін тілге тиек етті, асқа жиналған қауым. 

«Бұл астың өтуіне барша ағайын аянып қалған жоқ. Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша Қайрат Өтенов бастаған Жаңаөзеннің азаматтары қол ұшын созды. Сол сияқты Ақтау қаласы, Бейнеу ауданынан да жігіттер болды. Батыс-Қазақстан облысынан Шыңғырлау ауданы, Ақтөбе аймағынан Байғанин, Алға, Қобда аудандары, Сыр өңірінен Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев бастаған топ, сондай-ақ Сырдария мен Қармақшы аудандыран ағайындар болды. Астаналық Қоныс Жүсіпов пен Ақтөбелік Мырзағұл Жұмағалиев жыршы-термешілердің өнеріне тәнті болды. Алматы облысы мен шырайлы Шымкенттен келгендерде аз болмады. Барлығы бір кісідей атсалысты. Нәтижесінде батыр бабамыздың 230 жылдығы жоғары деңгейде өтті деп толықтай айта аламыз», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Сали Абдуллаев. 

Айта кету керек, Дәуіт батыр Үстіртте дүниеге келген, күллі қазаққа танылған кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі Барақ әулетінен тарайды. Шыққан тегіне тоқталсақ, кіші жүздің Шөмішті Табын руы - Қарақойлы-Лабақ бөлігінен. 

Дәуіт Асауұлы батыр қазақ халқының азаттығы үшін күрескен тарихи тұлға. Елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға елеулі үлес қосқан би. Дәуіт батырдың жатқан жері - «Дәуіт ата» деген үлкен қойымшылыққа айналғанын халық жақсы біледі. Басына барып, құран бағыштап, медет сұрап, ауруына ем іздейтіндер әлі де көп. Дәуіт атамыз көптеген әйгілі батырлармен сыйлас – сырлас, азаттық жолында серіктес бола білген. Ежелден Маңғыстаудың Сам өңірі мен Жем-Сағыз бойында өмір сүрген. Дәуіт батырдың әкесі Асау мен атасы Барақ та, аты шыққан батырлар. Олар Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сам құмында Тұрыш ауылынан 15 шақырым жерде жерленген. Ал Дәуіт батыр  Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында «Хорезм» деп аталатын жерде мәңгілікке жай тапқан.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» екендігі, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртып, «Халық - тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттелгендігі туралы айтылады. Ал төр тарихымыз батыр бабаларымыздың ерліктерін ұмытпау, керісінше дәріптеу, еске алу, құрметтеу дегенді білдіреді. Қазақ – азаттық жолында артқа шегінбеген өзінің батыр бабаларына құрметпен қарап келе жатқан халық. 

Бұл ретте, Дәуіт Асауұлы өз заманының қаһарман тұлғаларының бірі ретінде тұтас бір тарихи дәуірді басынан өткізген тарихи тұлға. Оның өмірі отар¬лыққа қарсы күреске де, шапқыншылыққа да, ел ішіндегі қым-қуыт оқиғаларға да толы болғанын бүгінгі ұрпақ ұмытқан емес, ұмытпайды да.  

Бабалар әруағы әр қазақ баласын қолдап жүргей!


Дайындаған Нұрбол Оқуов, 

ҚР Журналистер Одағының мүшесі 

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы 


Дәуіт ата кесенесі, (Қоңырат қаласы Қарақалрпақстан Респуболикасы).jpg

Дәуіт ата кесенесі, (Қоңырат қаласы Қарақалрпақстан Респуболикасы)

Дәуіт Асауұлының суреті.jpg

Дәуіт Асауұлының суреті


Дәуіт батырға 230 жыл медалі.jpg

Дәуіт батырға 230 жыл медалі

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » БАБАҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-10-07/962.html