Гоголь : Күйме

Күйме

Повесть

Кавалеристер полкы келіп тұрақтағалы Б. Қалашығының жаны кіріп қалды. Ал бұған дейін оны көңілсіздік үрейі басып тұратын. Жолым түсіп, үстінен өтіп бара жатқанымда оның соншама тұнжырай көшеге қарап тұрған аласа, сырты сыланған үйлерін көргенде, жан дүниеңде не болып жатқандығын жеткізу мүмкін емес: құдды ойыннан ұтылып қалғандай немесе жоқ жерде бірдеңе бүлдіріп алғандай көңілің құлазып сала береді, – бір сөзбен айтқанда: мәз емес. Олардың жаңбырдан балшығы түсіп, қабырғалары ағарудың орнына алабажақтанып кеткен; төбелері әдетте, біздің оңтүстіктегі қалаларымыз сияқты, қамыспен жабылған; дуанбасы жақсы көрінеді деп, шағын бауларды отап тастауды баяғыдан бұйырған. Қашанда ширек қабатын жастықтай жұмсақ шаң ұлпасы басып жататын, жаңбыр сіркіресе болды батпаққа айналатын төсеме көшеден әлде бір әтеш өтеді демесең тірі жанды көрмейсің, ондай да Б. Қалашығының көшелері дуанбасының өзі француздар деп атайтын әлгі келісті хайуандарға толып кететін. Өзінің булауға бергісіз ванналарынан бастарын байыппен көтеріп, олар керемет қорсылға басқан кезде, жүргіншіге атына қамшы басудан басқа ештеңе қалмайды. Әйтсе де Б. қалашығынан жүргіншіні кездестірудің өзі қиын. Анда-санда ғана үстіне қалыңдау суртюк киген, кедей-кепшіктен құралған он бір жанға ие болып, әлде бір жайдақ арбаға мінген бір байшыкеш он толған қапшықтардың арасынан басын қылтита, соңына құлын ерткен тор биесін қамшылай, көшені даңғырлатып өтеді. Базар алаңының сыртқы көрнісі де едәуір жүдеу: тігінші үйінің қарсы беті емес, бұрышы сорайып, тіптен ерсі көрінеді; оған қарама-қарсы екі терезелі әлде бір тас үйдің салынып жатқанына он бес жыл болды; оның арғы жағында балшық түстес сұр бояумен сырланған сәнді ағаш қоршау өзімен-өзі тұр, оны қазіргідей түскі асын іше салып тыңқиып ұйықтап қалатын және ұйықтар алдында кепкен тұшала қосылған сусын ішетін әдеті жоқ жас кезінде басқаларға үлгі болатындай етіп дуанбасының өзі тұрғызған. Басқа жердің бәрінде дерлік ағаш шарбақ; ең шағын дүкендер алаңның ортасында; олардан қашан көрсеңде қосақталған дөңгелек нанды, қызыл орамал байлаған әйелді, бір пұт сабын мен бірнеше қадақ ащы бадамды, оқ-дәрілерді, мақта-маталарды, және қашанда есіктің қасында свайка ойнап отырған екі көпес стаушыны байқауға болады. Бірақта Б. уездік қалашығына атты әскер полкы келіп тоқтағаннан бастап мұндағының барлығы өзгеріп сала берді. Көшелер көз тартып, айналаға жан кіре бастады. Аласа үйлердегілер айналадағы өзгерістер, жақсы темекі туралы жолдасымен әңгіме-дүкен құру, ал кейде полктікі атанып кеткен ат арбаны қартқа тігу үшін қасынан өтіп бара жатқан, басына қауырсын қадаған әбжіл, сымбатты офиссерді жиі көретін болды; олай болатыны – бұл арбаға поктан шықпай-ақ талайының тақымдары тиген: бүгін онымен майор қыдырса, ертең ол поручктің ат қорасынан табылады, ал бір апта өткеннен кейін қараңыз, оны тағы да майордың атқосшысы шошқа майымен сылап жатқанын көресіз. Үйлердің арасындағы ағаштан тоқылған шарбақтың басы күнге қақталған солдат фуражкасынан көрінбейді; Қақпаның бір жерінде міндетті түрде әлде біреудің сұр шекпені қалбаңдап тұрады; көше орамдарында етік шөткелдей тікірейген мұрттары бар солдаттар кезігеді. Мұндай мұрттарды барлық жерден кездестіруге болады. Базарда шөміш ұстаған мещанкалар бас қосса, оллаһи, олардың ту сыртынан сығалап тұрған мұртты көресіз. Жазалау орнында мұрты бар солдат көрсеңіз, ол жаңа ғана көзін аспанға алайтып, оһылаған ауылдың бос белбеу біреуінің сақал-мұртын жібітті дей беріңіз. Офиссерлер бұған дейін әлде бір диякон әйелімен бір үйде тұрған соттан және дуан басыдан, бірақ күні бойы; сәске түстен қара кешке дейін және қара кештен сәске түске дейін ұйықтайтын есті адамнан тұратын қоғамға жан бітірді. Мұнда бригада генаралының үйі көшіп келгеннен кейін жұрттың қатары да көбейіп, өмір қызықты бола түсті. Бұған дейін бар-жоғын ешкім білмейтін осы маңдағы помещиктер офицер мырзалармен кездесу, ал кейде олардың егістіктің, әйелдерінің тапсырмаларымен және қояндардың қамымен әбден қатқан бастарына мықтап ұялаған баншік ойнау үшін үйездік қалашыққа келгіштеуді жиілетті. Әттең, бригада генаралының қандай жағдайға байланысты үлкен қонақасы бергенін есіме түсіре алмай отырмын; оған үлкен дайындық жасалды: генаралдың ас үйінен шыққан пышақ тықылы қала қақпасына дейін естіліп тұрды. Базардағының бәрі ас мәзірі үшін тік көтере сатып алынды, енді сот өзінің диаконшасымен бірге қарақұмық ұнынан пісірілген шелпек пен крахмалдан жасалған киселді ғана қанағат тұтатын болды. Генарал үйінің шағын ауласында арбалар мен күймелер иін тіресіп тұр. Жиналған қауым еркектерден; офицерлер мен осы маңдағы помещиктерден құралды. Помещиктердің ішінен көзге түскені Б... үйезінің атақты ақсүйектерінің бірі сайлауда дақпырты бәрінен асқан және мұнда сәнді экипаж мініп келген Пифагор Пифагорович Чертокуцкий болды. Ол бұрын кавалерия полктерінің бірінде қызмет еткен салмақты да көрнекті офицерлерінің бірі еді. Қалай болғанда да, жұрт оны покмен бірге болған кездегі балдармен жиындардың көбінде көрді; сонда да бұл туралы Тамбов және Симбирск губернияларының сылқымдарынан сұрауға болады. Егер ол әдетте жұрт жәйсіз уақиға деп атайытын бір жағдайға байланысты отстапкаға шықпағанда, оның басқа губернияларда да өзіне жарасымда атағын жая беруі әбден мүмкін еді: бұрынғы жылдары бұл біреуді жәбірледі ме, әлде бұны біреу жәбірелді ме, ол жағын ұмытыппын, істің тоқ етері – оның отставкаға кетуін сұраған. Әйтседе, бұдан оның ештеңесі кеткен жоқ: үстіне әскери мундир үлгісіндегі белдігі жоғары фраг, аяғына шпорлы етік киіп, мұрнының астына мұрт қойды, өйтпесе дворияндар оны жаяу әскерге қызмет еткен деп ойлауы мүмкін еді; ол оны жаяулар, жалаңаяқтар деп кемсітіп атайтын. Ол көңіл көтеру үшін бричкалар, таратайкалар мен тарантастар, тіпті адамның өңі түгіл түсіне кірмейтін неше түрлі көліктер жегіп, ішкі Ресейдің аналар мен балалар, қыз-қырқын  мен жуан қарын помещиктер көп жиналатын жәрмеңкелерінің барлығын да көрді. Ол кавелерия полкі тұрған тұсты исінен-ақ сезіп, офицер мырзалармен жүздесуге қашан да уақыт табатын. Олардың алдында өзінің жеңіл күймесінен немесе арбасынан лып етіп түсіп, тез арада тіл табыса кетеді. Өткен сайлауда ол дворяндарға жақсы қонақасы беріп, онда егер өзін жолбасшы етіп сайлар болса, дворяндардың айын оңынан туғызуға уәде берді. Үездер мен губернияларда айтатындай, өзін нақ ақсүйектерше ұстады. Әжеп тәуір жақсы әйелге үйленіп, ол үшін қалың малға екі жүз жалшы мен бірнеше мың капиталға қол жеткізді. Капитал заматта шын мәнінде тәуір алты бірдей арғымаққа, есікке салар алтын жалатқан құлыпқа, үйде қолда ұстайтын маймұл мен ұлты француз сарай қызметшісін сатып алуға жұмсалды. Екі жү адам өзінің екі жүздігімен бірге әлде бір комерциялық айналым үшін ломбартқа кепілге тапсырылды. Қысқасы, ол нағыз помещика болып алды... Бір тоға помещик. Генаралдың қонағасысында одан басқа тағы да бірнеше попещик болды, бірақ олар туралы мардымды ештеңе айта алмаймыз. Қалғандарының барлығы сол полктың офицерлері және тағы да екі штап-офицері: полковник және бір жуан майор. Генералдың өзі еңгезердей толық кісі, ол туралы офицерлердің айтуына қарағанда, жақсы бастық. Қоңыр, жуан дауысты адам. Қонағасы ерекше болды: дастарқан мәзіріндегі бекіре, қортпа, шоқыр, дуадақ, қояншөп, бөдене, құр, саңырауқұлақ аспаздың кешеден бері ыстық ештеңе ішпегеніне, оған көмектескен төрт салдаттың қолдарына пышақ алып түні бойы қуырдақ пен сілікпе жасағанына куә бола алады. Жүзімнен жасалған қызыл ақ шараптар құйылған ұзынды-қысқалы бөтелкелер құрдымы, тамылжыған жаздың күні шалқасынан ашылған терезелер, үстел үстіндегі мұз салған тәрелкелер, офиссер мырзалардың салынбаған соңғы түймелері, бойға қонымды фрак кигендердің ұйпалақталған омыраушасы генаралдың дауысы мен шампан шыжылының астында құмыққан сөз алмасулар – бәрі бір-біріне жарасып-ақ тұр. Ас ішіп, іштеріне ел қонғаннан кейін барлығы ұзын және қысқа түкті трупкаларын тартып қолдарына кофе құйылған шыны-аяқтарын ұстап, тысқа шықты.

Генарал да, полковник те, тіпті майорға дейін мундирлерінің түймелерін ағытып тастапты, сондықтан да олардың жібектен жасалған тартпалары ауық-ауық көрініп қалады, бірақ офицер мырзалар әдеттегі әдепті сақтап, соңғы үш түймеден басқасының барлығын салып келіпті. 

Міне, енді оны көруге болады, – деді генарал. – Кәнеки

Ілтипаттым, – деді ол сымбатты келген жас жігітке, өзінің адьютантына қарап, – торы биені осында алып келуге әмір етіңіз! Қазір-ақ өз көздеріңізбен көріңіздер. – генарал турупкасын тартып, дем шығарды. 

Ол әлі бабына келе қойған жоқ: Қарғыс атқан қала жөні тузу қораға да зәру. Несін айтасың, пуф, пуф, өте оңды жылқы! 

Жоғары мәртебелім, пуф, пуф, өзі көптен қолыңызда ма? – деп сұрады  Чертокуцкий.  

Пуф, пуф, пуф, иә ... пуф, онша көпте емес. Зауыттан алғаныма бар болғаны екі-ақ жылдың жүзі болды.   

Әуелден бас білуші ме еді, әлде осында үйреттіңіздер ме?

Пуф, пуф, пу, пу, пу ... у...у ...ф, осында, – деп, генарал қою түтіннен көрінбей кетті.   

Осы екі арада ат қорадан бір солдат шығып, ат тұяғының дүбірі естілді, оның артынан ақ қаптал шапан киген, үлкен қара мұрты бар ат жетектеген біреу көрінді; оның жетегіндегі қалтырап, осқырынып келе жатқан ат кенет басын жұлқып қалғанда, жерге жабысып қалған солдаттың шалғы мұртымен бірге аяғын асппаннан бір-ақ шығара жаздады. Жә, жә, жануар! Аграфена Ивановна! – деп жігі-жапар болып, ол оны есіктің алдына алып келді. Биенің аты Аграфена Ивановна екен; оңтүстік аруындай арынды да асау жануар кіре берістегі ағаш төсенішті аяғымен тарпып тұрды да, кілт тоқтады. 

Генарал трупкасын түсіріп, разы кейіппен Аграфена Ивановнаны қарай бастады. Басқыштан төмен түскен полковниктің өзі Аграфена Ивановнаның басынан ұстады. Майор Аграфена Ивановнаның аяғынан сипап, басқалары таңдайларын қағысты. Чертокуцкий төмен түсіп оның арт жағынан келді. Солдат сымдай тартылып,  тізгін ұстаған қалпы келушілердің көздеріне, құдды соларға сүңгіп кетердей қадалып қалыпты. 

Өте жақсы! Мүсіні келіскен мал! – деді Чертокуцкий. – Ал енді, жоғары мәртебелім, оның жүрісін байқауға болар ма екен? 

Оның жүрісі әйбат; бірақ... оны сайтан біліп пе... мына бір ақымақ фельдшер оған әлде бір дәрі берген бе, содан екі күннен бері пысқырына береді. 

Өте, өте жақсы. Ал сіздің, жоғары мәртебелім, бұған лайықты экипажыңыз бар ма?

Экипаж?.. Бірақ бұл салт мінетін жылқы ғой. 

Мен оны білемін. Бірақта, жоғары мәртебелім, менің сұрамағым басқа аттарыңызға лайықты экипажыңыз бар ма дегенім ғой.

Иә, менің экипажым онша көп емес. Шынымды айтсам, осы заманғы күймеге қол жеткізу көптен бері ойымда жүр. Мен бұл туралы Петурбурктегі бауырыма да жазып жібердім, ол оны маған жібере ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. 

Жоғары мәртеблім, менің ше вена күймесінен артық ештеңе жоқ, – деді полковник. 

Оныңыз өте орынды, пуф, пуф, пуф. 

Менде, жоғары мәртебелім, нағыз вена шеберлері жасаған күйме бар. 

Қандай? Әлгінде сіз мініп келген бе? 

Жоға. Бұл жай, менің әрлі-берлі жүріп-тұруым үшін, ал анау ... оның орны бөлек, қауырсыннан да жеңіл; ал оған отырған кезіңізде, қалай айтсам екен, сіздің рухсатыңызбен, жоғары мәртебелім, құдды сізді әжеңіз бесікте тербеткендей - ау!

Сонда жайлы болғаны ғой!

Жайлы болғанда қандай; жұмсақ жастықтар, рессорлар, – осының бәрі суретке салып қойғандай.

Онысы жақсы екен. 

Ал сыйымдылығы қандай десеңізші! Шынымды айтсам, жоғары мәртебелім,  мен мұндайды бұрын көрген емеспін. Әскерде көрген кезде менің жәшігіме он бөткелке ром мен жиырма фунт сиып кете беретін; мұның сыртында мен өзіммен бірге бес-алты мундир, ішкиімдер, ұзындығы сіздің сұқсатыңызбен, жоғары мәртебелім, ішек құртша созылған екі шылым түтігін алып жүрдім, ал қалталарына тұтас тайынша сыйып кетердей.

Онысы жақсы екен.

Мен сол үшін, жоғары мәртебелім, төрт мың төледім. 

Бағасына қарағанда, жақсы болуға  тиісті; оны сіз өзіңіз сатып алдыңыз ба?

Жоқ, жоғары мәртебелім, ол менің қолыма бір жағдайға байланысты түсті. Оны менің бала кезден бірге өскен досым, сирек кездесетін адам сатып алды, сіз онымен әбден тіл табысып кетер едіңіз; ол екеумізде – сенікі, менікі жоқ, бәрі бірдей. Мен оны одан картадан ұтып алдым. Жоғары мәртебелім, ертең біздің үйден қонағасы ішуге қалай қарайсыз? Күймені де көрер едіңіз. Мен мұны өзіме үлкен мәртебе санар едім. 

Мен бұған не дерімді білмей тұрмын. Менің бір өзіме бір түрлі... Егер офицер мырзамен бірге десеңіз?..

Офицер мырзалардан да өтінерім сол. Мырзалар сіздердің барлығыңызды өз үйімнің төрінен көруді зор құрмет деп есептеймін! 

Полковник, майор және басқада офицерлер сыпайылықпен қабыл алу мезіретін жасады.  

Жоғары мәртебелім, мен де егер зат сатып алатын болсаң, тек қана татымдысын алғаның жөн, ал алуға тұрмайтын нәрсенің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ертең біздікіне келу құрметіңізге орай, мен сізге шаруашылығыма шақтап алған кебір заттарды көрсетпекпін. 

Генарал бір қарап қойды да, аузынан түтінді бұрқ еткізді. 

Чертокуцкий үйіне офцер мырзаларды қонаққа шақырғанына өте разы еді; ол күнібұрын өзінің басына паштеттер мен түрлі тұздықтарды тоқи берді, офицер мырзаларға да қунақы сөз тастап қойды. Олар да өз тараптарынан бұған деген ықыластарын білдіріп жаты, оны олардың көздерінен және аздаған тағзым түріндегі олардың қимыл, қозғалыстарынан байқауға болады. Чертокуцкий өзін еркіндеу ұстап, дуысы да әлденеге риза болған кісінің дауысындай жайбарақат шықты. 

Онда, жоғары мәртебелім, үй иесі бикешпен де танысудың сәті түседі.

–Мен өте размын, – деді генарал мұртын сипалай түсіп.

Чертокуцкий осыдан кейін ертеңгі қонағасыға келетін меймандарды қабылдау үшін бәрін уақтылы дайындап қою қамымен жеделдетіп үйіне жеткісі келді; ол қалпағын қолына алып, кетуге ыңғайланғаны сол еді, бірақ та неге екені белгісіз, тағы да бір уақытқа қала тұруына тура келді. Осы екі арада бөлмеде ломбер үстелдері де қойылды. Көп ұзамай жиналғандар висттің төртінші партиясын ойнауға бөлініп, генарал бөлмелерінің  әр бұрышына жайғасты. 

 Шырағдандар да қойылды. Чертокуцки көпке дейін вист ойнауға отырарын не отырмасын білмеді. Бірақ офцер мырзалар шақыра бастағанда, ойыннан бас тартуды ыңғайсыз көрді. Ол тізесін бүкті. Ойланып жатпастан алдындағы пунш құйылған стаканды бірден қотара салды. Екі ойыннан кейін Чертокуцки қол жетер жердегі екі стаканды қолына алып: «Мырзалар, мен үйіме кетуім керек» деп отырып, тағы да сіміріп салды. Бірақ тағы да екінші партияға отырды. Бұл кезде бөлменің әр бұрышындағы әңгімелер жеке мәселелерге ойысты. Вист ойнаушыларда үн жоқ, ал диванда отырған ойыннан тыс қалғандар әңгімелерін өрбіте берді. Бір бұрышта жастық жастанып, аузына трупка салған штапротмистр өзінің басынан кешкен серлік хикаяларын емін-еркін отырып, жаймен жосылтты, айналасындағылар оны ұйып тыңдап отыр. Қолдары қысқа қосақталып өскен екі картоп сияқты өте-мөте жуан бір помещик жүзі ерекше жадырап бар зейінімен құлақ қойған, тек анда-санда ол жақтан шақшасын алғысы кеп, қып-қысқа қолын арқасына апарған болады. Келесі шетте эскадрондық жаттығу туралы қызу талас жүріп жатыр, тіпті екі рет мәткенің орнына балта тастаған Чертокуцки біреудің әңгімесіне бекер килігіп, кейде сұрағының алдындағы іске қатысы жоқтығын байқамастан, «Ол қай жылы?» немесе «Қай полктікі?» – деп өзі отырған бұрыштан айқайлап қояды. Ақыры кешкі асқа бірнеше минут қалғанда вист аяқталды, бірақ бастар әлі ойыннан арыла қоймаса керек, әрі қарай сөз жүзінде жалғасты. Чертокуцки өзінің біраз ұтқанын білді, бірақ қолымен ештеңе алған жоқ, үстелден көтерілген соң қалтасындағы бет орамалын таппаған кісідей тағы біраз тұрды. Осы екі арада ас та келді. Әрине, шарап жағынан жетіспеушілік болған жоқ, Чертокуцкий де еркінен тыс оңы мен солында сығысып тұрған бөтелкелерден өзінің стаканына құйып қоюуға мәжбүр болды.  

Дастарқан басында бір ұзақ әңгіме шертіліп, соның басталуының өзі біртүрлі тосын болды. 1812 жылдың оқиғасына қатысқан бір помещик ешқашан болмаған бірдеңелерді айтты, содан соң неге екені белгісіз, графиннің тығынын алды да, оны алдында тұрған тоңазытқан балқаймаққа сұға салды. Қонақтар тарай бастағанда сағат үш болып еді, енді көршілер кейбір қасқаларды базардан артқан түйіншек құсатып, қолтықтауына тура келді. Чертокуцки де өзінің соншалықты ақсүйектігіне қарамастан, күймеде отырып басы жерге жеткенше иілгендігі соншалық, үйіне келгенде мұртына екі ошаған қыстырылып келді. 

Үйдегілердің бәрі де ұйқыда; көшір камердиндерді зорға тауып алды, ол мырзаны қонақ бөлме арқылы алып жүріп, күтуші қызға тапсырды; оның соңынан ерген Чертукцкий әупірімдеп жатын бөлмеге жетті де, аппақ қардай ішкөйлегімен тәп-тәтті болып ұйықтап жатқан өзінің жап-жас, сүйкімді келіншегінің жанына барып жатты. Күйеуінің кереуетке құлаған қимылы оны оятып жіберді. Керіліп, кірпіктерін қағып, өңіндегі болмашы өкпемен ол ұйқысын ашты; бірақ оның бұлы жолы оны аймалауға шамасының жоқтығына көзі жеткеннен кейін кейіген күйде біраз теріс қарап жатты да, балғын бетін қолына қойып, ұйқыға кетті. 

Жас келіншек қорылдап ұйықтап жатқан күйеуінің қасынан тұрғанда, ауылда ерте деп айтуға ауыз бармайтын уақыт еді. Оның кеше түнгі төртте келгенін есіне түсіріп, оятқысы келді де аяғына күйеуі Петербургтен алдырған жеңіл кебісін, үстіне ағын судай лықсыған ақ кеудешесін киіп, ол өзінің жуынатын бөлмесіне барып, өзі тәріздес мөлдір сумен жуында да, әдеміленуге кірісті. Өзіне бір-екі рет көз салып, бүгін өңінің өндірдей әдемі екендігін көрді. Осы бір болмашы жағдайдың өзі оның айна алдында екі сағаттан артық отырып қалуына себеп болды. Ақірі ол сәнмен киініп, таза ауамен тыныстау үшін баққа кірді. Күн де бүгін нағыз оңтүстіктің жазына лайықты ғажап еді. Талма түске таяған күн де жер-жаһанды бар қызуымен қыздыра түссе де, қалың өскен ағаш жапырақтарының астында қыдыру да бір ғанибет. Күн шуағына малынған гүлдер де хош иісін еселей түскен. Сүйкімді келіншек сағаттың он екі болғанын, күйеуінің әлі ұйықтап жатқанын да ұмытқан. Оның құлағына екі көшір мен бақтың астындағы ат қорада ұйықтап жатқан бір форейтордың түскі астан кейінгі қорылы жетті. Бірақ ол қалың өскен аллеяда серуен құрып, одан жақсы көрінетін үлкен жолға, қыбырлаған жан жоқ кеңістікке қарап отырған. Кенет алыстан көрінген шаң оның назарын аударды. Қадала қарағанда оның бірнеше экипажды көзі шалды. Ең алдында үсті ашық екі адамдық жеңіл күйме келе жатыр; онда қалың эполеттері күнге шағылыстқан генарал, оның қасында полковник отыр. Одан кейінгі төрт орындық күймеде генаралдың адютантымен бірге майор және оларға қарама-қарсы тағы офицер отыр; күйменің соңынан бәрімізге белгілі полктың екі доңғалақты арбасы келеді, бұл жолы ол етжеңді майордың еншісіне тиіпті; одан кейін төрт орындық бонвояж, онда төрт офицер мен қолында... бесінші адам отыр, олардың соңынан теңбіл-теңбіл өңкей келіскен торы мінген үш офицер еріп келеді.   

Шыныменен бізне ме? – деп ойлады келіншек. – Құдайым-ай, олар шынымен көпірге бұрылды! Ол қолын сілкіп, шыңғырып жіберді де, гүлзардың үстімен жанұшыра жүгіріп, күйеуінің бөлмесінен бірақ шықты. Ол қатып қалғандай ұйықтап жатыр. 

Тұр, тұр, тезірек тұр! – деп шырылдады ол оның қолынан тартып. 

Ә? – деді Чертокуцкий ұйқылы-ояу көтеріліп жатып.

Тұр, польпултик! Естимісің, қонақтар келе жатыр!

Қонақтар?  Қайдағы қонақтар? – деді де, ол тұмсығымен енесінің емшегін түрткілеп, мөңіреген бұзау құсап ыңырсыды. – Мм... – деп міңгірледі ол, – мойныңды бұршы, монмьмуния, мен сені сүйейін. 

Жаным, Құдай үшін, тезірек тұршы . Генарал келе жатыр офицерлермен бірге! Құдайым-ай, мұртына ошаған жабысып қалыпты ғой. 

Генарал деймісің? Оның келіп қалғаны ма сонда? Сайтан алғыр, мені ешкімнің оятпағаны ма? Ал қонақасы ше? Қонақасы дайын ба?

Қайдағы қонақасы?

Немене, мен айтпап па едім?

Сен бе? Сен түнгі сағат төртте келдің, мен сенен қанша сұрасам да, сен ештеңе деген жоқсың. Мен сені, польпултик, сондықтан да оятқан жоқпын, аяғаннан... – Ол соңғы сөздерін қажыған әрі жалынышты үнмен айтты.

Чертокуцкий жай түскен адамдай көздерін бақырайтып, бір уақ төсегінде жатып алды. Содан кейін оның ерсі екеніне қарамастан, жейдешең төсегінен атып тұрды. 

Аһ, мен малмын! – деді ол өзін маңдайынан ұрғылап. – Мен оларды қонаққа шақырғам. Енді не істейміз? Олар алыста ма? 

Мен білмеймін... олар ендігі келіп қалуға тиісті.

Қалқам... тығылып қал!.. Әй, анда кім! Сен қыз, неменеге үрпиіп тұрсың? Бар. Қазір мұнда офицерлер келеді. Сен мырза үйде жоқ деп айт, әзір болмайды, кеше таңертең кеткеннен әлі келген жоқ де, естіп тұрмысың? Ауладағылардың бәріне айт, бол, тезірек! 

Осыны айтты да ол тезірек халатын алып, экипаж тұрған сарайға тығылуға кетті, жағдайы сол жерде дұрыс болар деп ойлады. Бірақ сарайдың бұрышында тұрыпр бұл жерден көрініп қалармын дерп шешті. Оның басына «осыным дұрыс-ау» деген ой сап ете қалды да, ол әп-сәтте  басқышын түсіріп, таяу тұрған күймелердің біріне қойды да кетті, есігін жауып, қауіпсіз болсын деп алжапқыш жамылды, сөйтті де халатына оранып демін ішіне тартып жатып алды. 

Осы екі ортада есік алдына экипаждар да келіп тоқтады.

Генарал, одан кейін полковник шығып үстерін қағынып, бөркіне қадаған қауырсынын түзетті. Одан кейін қолтығына  қысқан қылышы баржуан майор арбадан секіріп түсті. Одан соң бонвояждан жұқа подпоручиктер мен олармен бірге келген прапорщик түсіп, ең соңынан салт атты офцерлер аттарын қаңтарды. 

Мырза үйде жоқ, – деді есік алдына шыққан малай.

Жоғы қалай? Онда түске қарай келтін шығар?

Тіпті де олай емес. Олар күн ұзаққа сондай болады. Келсе, ертең осы уақытта келіп қалар. 

Ал саған керек болса! – деді генарал. – Мұнысы несі?..

Бұл, сірә, әзіл болар,  – деді полковник күліп.

Жоға, бұлай істеуге бола ма екен? – деді генарал ренжи сөйлеп. – Cайтан... Жарайды, қабылдай алмайды екен, сұранып несі бар? 

Мен, жоғары мәртебелім, қалай бұлай істеуге болатынын тіпті де түсінбеймін, – деді бір жас офицер. 

Немене? – деді генарал қашанда жас офицермен сөйлескенде осы бір сұрауға құрылған демеулік шылауды пайдаланатын әдетімен. 

Мен, жоғары мәртебелім, қалай бұлай істеуге болады дедім.

Әлбетте... Жарайды, болмаған шығар, айтуға болады ғой, әйтпесе сұрама. 

Амал не, жоғары мәртебелім, ештеңе етпес, кері қайтайық, – деді полковник.

Әлбетте, басқа шара жоқ. Дегенмен, күймені біз онсыз да көре аламыз. Ол оны өзімен бірге алып кетпеген шығар. Әй, анда кім бар, бері кел, баурым! 

Не қалайсыз? 

Сен атшымысың?

Атшымын, жоғары мәртебелім.

Бізге мырзаң жақында алып келген жаңа күймені көрсетші. 

Кәне, онда сарайға жүріңіздер! Генарал офицерлермен бірге сарайға кірді. 

Мінеки, көріңіз, мен оны кішкене бері шығарайын, онда қараңғылау.

Жарайды, жарайды, жақсы!

Генарал мен офицерлер күймені айналып шығып, доңғалақтарымен рессорларын мұқият қарады. 

Жә, айтарлықтай ештеңе жоқ, – деді генарал, – кәдімгі қатардағы күйме. 

Нағыз сиықсыз, – деді полковник, – айтарлықтай ештеңе жоқ. 

Меніңше, жоғары мәртебелім, бұл төт мыңға тіптен татымайды, – деді жас офицерлердің бірі. 

Немене?

Мен, жоғары мәртебелім, бұл төрт мыңға тіптен татымайды деймін.

Не қылған төрт мың! Екі мыңға да тұрмайды. Былай ештеңе жоқ. Ішінде бір ерекше бір бірдеңе болып жүрмесе... Ілтіипәттім, күйменің түймесін ағытып жіберші...

Офицерлердің көзі үстіндегі халатымен бүрісіп отырған Чертокуцкийге түсті.

Ә, сіз осында ма едіңіз! – деді таң қалған генарал. 

Генарал осыны айтты да, есікті сарт еткізіп, Чертокуцкийді тағы да алжапқышпен жауып офицер мырзалармен бірге тартып отырды. 

Николай Васильевич Гоголь

Аударған Әбілтай Әбжан Ғаббасұлы

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Гоголь : Күйме
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-07-06/818.html