Өтіріктің пайдасы...
Өтіріктің пайдасы...
Алты шахтер шахтада жұмыс істеп жатады. Бір уақта жарылыс болып, жерасты жолы жабылып қалады. Алтауы бір-біріне қарайды. Енді не істей аламыз деп ойласады. Алтауы да бұрыннан істеп келе жатқан кәнігі шахтерлар. Бұлардың жолын тазалап аршуға шамамен қанша уақыт кететінін есептейді. Өздеріне тірі қалу үшін тар қапастағы ауа неше сағатқа жететінін де шамалайды. Егер құтқарушылар жылдам қимылдаса, бұларды үш сағатта құтаруы тиіс. Мұндағы оттегі де үш сағатқа жетер-жетпес. Үш сағатта ар жақтағылар бұлардың жолын тазалап үлгере ме екен? Оттегі біткенше үміт бар.
Ауаны өте үнемді пайдаланайық деп келіседі. Бәрі шамдарын сөндіріп, жерге отырады. Қараңғыда тапжылмай отыру оңай емес. Енді бәрі сағат санауға көшеді. Араларында сағаты бар бір ғана адам бар боп шықты.
«Сағат неше?», «қанша минут өтті?», «қазір қанша болды?» деген сансыз сұрақ үсті-үстіне қойыла берді. Уақыт тапжылмай бір орында тұрғандай. Бұлай сұрақ толастамаса ауа көп кететінін ескерген сағаты бар адам енді қулыққа көшеді. Артық сұрақ қоймас үшін жарты сағат сайын уақытты айтып отыратын боп келісті.
Алғашқы жарты сағат болғанда, ол «жарты сағат өтті» дейді. Қалғандары өзара сыбырласып жатады. Ауада беймазалық сезіледі. Ауысымның бастығы қолындағы сағатына қарап көпе-көрінеу өтірік айта бастайды. Егер осылай алдамаса, жанындағылар үрейден өліп кетер деп топшылайды. Өйткені, жарты сағат деген сайын олардың ажалы таяп келе жатқанын бәрі де түсініп отыр. Басқаларының өмірін ұзартайын деп ендігі жарты сағат дегенді тек 45 минуттан соң кейін барып айтады. Өзгесі бұған кәміл сенеді. Ешкімде сағат болмағандықтан сенбеске амалдары да жоқ еді.
Сағаттың иесі алдағанына қанаттанып келесі жарты сағатты тек бір сағаттан соң ескертеді. Қалған бесеуі тағы сенеді. Не деген ұзақ минуттар деп күңкілдейді. Небәрі бір жарым сағат өтті деп ойлайды. Әлі уақытымыз бар деп сенеді. Шын мәнінде екі сағат он бес минут өткен еді. Сағаты бар адам келесі жарты сағатты тағы да бір сағаттан соң айтады. Құтқарушылар шахтерларды құтқаруға барын салып, жолды аршып келе жатады. Әр минут қымбат екенін олар да жақсы білді. Құтқарушылар шахтерларды төрт жарым сағаттан соң әрең аршып алды. Алтаудың бесеуі аман-есен, тірі екен. Қолында сағаты бар адам ғана ауа жетпей, тынысы тарылып, ажал құшыпты...
Аударған Шынар Әбілдә
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Өтіріктің пайдасы...
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-08/919.html