Амандық Сағынтайұлы. Күнәһар
Амандық Сағынтайұлы. Күнәһар
КҮНӘҺАР
Иә, солай, күнәһармын мен бүгін,
Құдай кешпес, кешер енді мені кім?
Түндерімді түндеріңмен бөлісіп,
Құдайға емес, саған құл боп келістім.
«Бетіңнен» деп сүйіп алдым ерніңнен,
«Билеймін» деп ұстап алдым беліңнен.
Бір минуттық БАҚЫТ тұрды алдымда,
Айдай сұлу ару мүсін керілген...
САЯБАҚ
Сенбі күні саябаққа барамын,
Сені есіме аламын.
«Ұмыт» деген өтірікке алданып,
Ұмытқан боп қаламын.
Одан кейін келем үйге асығып,
Мені күтіп отырғандай асылым.
«Вконтакте» мен «инстаға» кіремін,
«Не істеп жүр?» деп ғашығым.
Осылайша күн батып, таң атады,
Бір күлдіріп, бұл өмір жылатады...
Тағдыр көкке көтерсе сені бүгін,
Ертең-ақ құлатады...
ЖАЛҒЫЗ
Бəрін оқып тауыспадым кітаптың,
Бұл өмірде не жоғалттым не таптым?
Білімім де білігім де болса да,
Жалғыздыққа мен өлеңнен ем таптым.
Студент күндер өте шықты қас-қағым,
Атақ пенен абыройды ластадым.
Шырғалаңның шырмауынан шығам деп,
Қаншама рет жаңа өмір бастадым.
Бірақ мені түсінді ме жақыным,
Түсінді ме анамдай аппақ алтыным?
Жоқ! Түсінген жоқ, түсінбейді мені ешкім,
Осылайша өтіп жатыр əр күнім...
ЖҮРЕК
Жалғандықтан жаным жүдеп барады,
Сейілер ме сұр күннің суық самалы?
Ұнатқаның өзіңді де ұнатса,
Жүрек шіркін соны ғана қалады.
Айналаның айтқандарын ақтайсың,
Фитнес кезіп фигураңды сақтайсың.
Бір минуттық бақытыңа алданып,
Дос болсаң да, жоқ болсаң да жақпайсың.
Соңғы сәтте қалмаса да серігім,
Жалғыз қалып жүдесем де мен бүгін.
Арзан судан аздап алып қоямын,
Одан баска жұбатады мені кім?
Не күтемін аспанымның астында?
Кімді іздеймін марқұмдардың басында?
Жақсы еді ғой жақсылардың жанында,
Аппақ, адал, асылдардың қасында...
Бұл тірліктің талайынан түңілгем,
Оған куә жұмыр жүрек, жұмыр жер.
Жалғыз тілек Тәңірімнен сұраймын,
Өткеніме өкінбейтін ғұмыр бер!
НЕГЕ?
Неге біздер кеттік екен жоғалып?
Арадағы әңгімені доғарып.
Тағы да бір кездесуді қаласаң,
Соған мені лайықты деп санасаң,
Тағы да сол Авангардқа барайық,
Соңғы қалған мүмкіндікті қарайық.
Сенің жүзің жарқ еткенде фотодан,
Мен тағы да көзсіз ғашық боп алам...
ЖЫЛДАР
Іздемедік, таппадық кімді қайдан,
Сұлуы да жылуы шыққан алдан.
Мың бір түннің бірі ұнап-ұнамаған,
Сол қызықтан бүгінде түк қалмаған.
Өтіп жатыр сұр күндер сырылдатып,
Көңіл, шіркін, барады суық тартып...
Біреулер жүр патшаға ғашық болып,
Ал, біреу жүр баласын шуылдатып.
Осылай деп жүргенде жылдар өтті,
Ең бақытты сәттерді ұрлап өтті.
Ерте ме, кеш есіңді жиып сен де,
Бұрынғыны бұғаула, құмарлықты!
ТЕНТЕК
Тентек бала ержетіпті бүгін де,
Айы туып, Күні күлген көгінде.
Алыстады аппақ аңғал адалдық,
Қалған бәрі өтіп кеткен өмірде...
Кеше ғана лағыл көздер жайнаған,
Кеше ғана жалын сөздер сайраған.
Жеті түнде жұлдыздармен жымдасып,
Соқыр сезім көзді еріксіз байлаған.
Тентек бала жігіт болды ендігі,
Баласының анасы – оның серігі.
«Бақыттымын» дейді іштей жүрегі,
Жетелейді болашаққа сенімі.
Баяғыда бір сұлуды сүйген-ді,
Махаббаттың жалынына күйген-ді.
Бүкіл әлем бұған қарсы тұрған соң,
Өкінішпен өз теңіне үйленді.
Тентек бала ол күндерді ұмытқан,
Жан жарасын жаңа өмірмен жылытқан.
Сүйген жары, жұмақ бағы бар бүгін,
Олар үшін атып жатыр күліп таң...
ТӘКАППАР
Ай_күндерім зулап жатыр арада,
ешбір қызық қалмай жатыр қалада.
Қайырылды қыран қанат қиялым,
қайырылған қорытпадай жағада.
Көк қағаздың көтергенмен шоқтығын,
кеше көрген жақсылықтар жоқ бүгін.
Тағдырыма риза болып өтер ем,
көрсетпесе тек махаббат жоқтығын.
Сын айтуға сен де, мен де шеберміз,
Ал талпынсақ, жақсылыққа жетерміз.
Бұл тәкаппар дүниеге көз салсаң,
Бар болғаны көптің бірі екенбіз...
КҮШІК
Өзің айтқан күшігің-ақ болайын,
Еркелейін, кұйрығымды бұлғайын.
Алматыдан арманымды әперген
Құдайымнан басқа нені сұрайын?!
Сен – періштем жерге түскен, о, Құдай!
Көздерің – көк, мөлдір мұхит суындай.
Бес күн өтті, бірақ әлі жанып тұр
Жүрегімнің жанартауы суымай.
Алғаш көрдім аялдама соңында,
Езу тартып сұрадым кеп: «Тоңдың ба?»
Көздерімнен көз ала алмай: «Жоқ» дедің,
«Жолаушылап қала берші жолымда...»
Көк көзіңді жамандыққа қимадым,
Ғашық болдым, дүниеге сыймадым.
Ертең алып лақтырсаң да қоқысқа,
Сенем саған, жүрегімді сыйладым.
«Агенттен» қалай маған жолықтың?
Өңімнен де, түсімнен де кетпедің.
Сенсіз уақыт бір орында тұр әлі,
Болдың өзің бүгінім де, ертеңім.
ЖАЙЫҚ
Жайықтың жағасында қарсы алдым,
Сені көріп, сұлулыққа тамсандым.
Кетеріңде келмеді ғой қоштасқым,
Сүйемін деп өз өзіме жар салдым!
Осындай да бола ма сұлу деген?
Күн көзіндей көздері күлімдеген.
Бұған дейін жұмақтың жұмбақ құсы
Қалай ғана қолыма ілінбеген?
Сенсіз енді жүрегім шыдар ма екен?
Тағдыр мені неше күн сынар екен?
Сен отырған кешегі орындықтан
Жылу іздеп жүрегім жылар ма екен?..
Сүйем сені... мені солай қабылда,
Маған бола жүрген жолдан жаңылма.
Сүймесең де сүйіктімін өзіңмен,
Жеті түнде жетіп барам жаныңа...
КЕТЕМ!..
Мені, жұртым, өледі деп ойлама,
Өлерімді алдын ала тойлама.
Тыр жалаңаш төңіректен түңілсем,
Кетем деген мендегі жай ой ғана.
Ұнамаймын, бәріңе де бөтенмін,
Ұнамай-ақ бұл өмірден өтермін..
Өзіме де, өзгеге де өкпем жоқ,
Өкінсем де, білдірмей-ақ кетермін...
Сүйкімді де, сүйікті де емес ем,
Соны білсем дүниеге келмес ем.
Сөзі алтын, өзі жатын қатындар,
Сүйем деген сөздеріңе сенбес ем.
Періштенің пірі болдық алаңсыз,
Қарындастың құлы болдық амалсыз.
«Вкдан» да, «ватсаптан» да іздеме,
Керек болсам, ақ Жайықтан табарсыз!
АДАМДАР
Жалғыздықтан жаным жүдеп барады,
Құр жатыстан бар ма басқа амалы?
Ұнатқаның өзіңді де ұнатса...
Жетім жүрек соны ғана қалады.
Адамдарды ұнатамын мезгілсіз,
Табиғаттың заңдарына жеңгісіз.
Қарындастың қылығына сенгісіз,
Періге де, періштеге бергісіз.
Өмір деген жылатады сұраусыз,
Болмайды ғой көтеріліп-кұлаусыз.
Жауапсыз-ақ біреулерді ұнатып,
Болмайды ғой біреулерге ұнаусыз...
Есіктерге сығалап қарамаймын,
Не болса да өзімше саралаймын.
Керек болса ешкімнен сұрамастан,
Жүрегімді өзім-ақ жаралаймын!..
ЖАС
Көзімде жас тамшылайды тырсылдап,
Тіл байлаулы, әлдекімнен қысылад(ы).
«СҮЙЕМІН!» деп жаһанға жар сала алмай,
Жаратқаннан жүремін тек жөн сұрап.
Көздеріне қарай қалсам қорқамын,
Жалғыз жолмен жаймен ғана жортамын.
Жараланған жүрегімде жылу жоқ,
Жасырынған жанарымда толған мұң...
Жабыққанда жалғыздықпен кеңестім,
Абыройдан аласарған емеспін.
Махаббатты құрымағыр қайтейін?
Биік болды бағындырар белес тым...
Сүйе алмаса, сүймесінші мені ешкім,
Тағдырыммен келмейді еш егескім.
Анашымның алақаны жетеді,
Басқасына мен жай ғана елеспін...
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
АТЫРАУ
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Амандық Сағынтайұлы. Күнәһар
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2018-01-09/998.html